Ашық есік күні


   2017 жылдың 25 сәуірінде М. Тынышпаев атындағы ҚазККА-да халықаралық жобалар және академиялық ұтқырлық (ХЖАҰБ) пен стратегиялық даму және мансап (СДМБ) бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті.
   Алматы қаласының №56 гимназиясының 30 оқушысы "Білім – Орталық Азия" білім беру орталығының атқарушы директоры Лариса Горбунованың басшылығымен академияға келді. Білім беру орталығы Шеврон компаниясымен серіктестікте жоғары сынып оқушыларын кәсіби бағдарлау бойынша "Болашақ – менің таңдауым" атты жобасын жүзеге асырады.
   Бұл іс-шараға Орталық Азияда бәсекеге қабілеттілік, сауда және жұмыс орындарын құру бойынша жобасымен USAID компаниясы да қатысты. Еңбек ресурстарын дамыту бойынша маман Сергей Музыка көлік пен логистикаға қызығушылық танытқан оқушыларға еңбек нарығы қажеттілігіне сәйкес кәсіби дағдыларын дамыту туралы айтып берді.
   Оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Құттыбаев Ұлан Сансызбайұлы академияның құрылуы және ҚазККА-да білім алудың артықшылықтары туралы айтты.
   "Көліктегі логистика" кафедрасының аға оқытушысы, "Құрметті теміржолшы" сыйлығының иегері, № 56 гимназияның түлегі Бөлекбаев Берік Райымбекұлы өзінің көлік және коммуникация саласындағы ауқымды жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
   ҚазККА студенттері академияның мамандықтары, жұмысқа орналасу және шетелде оқу мүмкіндіктері туралы оқушыларды хабардар етті.
   Болашақ мамандығымен егжей-тегжейлі танысу үшін оқушылар практикалық қызметте теориялық білімдерін бекітуге септігін тигізетін заманауи құрал-жабдықтар қойылған "Жылжымалы құрам", "Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану", "Электр энергетикасы" кафедраларының зертханаларын аралап көріп шықты.
   Стратегиялық даму және карьера бөлімінің бастығы, профессор Монастырский Алексей Давыдович оқушылардың таңдаған кәсіптерінің болашағы, жұмыс істеген алғашқы жылы алатын жалақысы, кәсіптің Қазақстанда 5 жылдан кейінгі қажеттілігі және т.б. сұрақтарына жауап берді.
   Кездесу қорытындысы бойынша оқушылар көлік мамандықтары туралы мәлімет алып, одан әрі өзара байланыс жасау үшін телефон номерлерін қалдырды.