1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлау


           1 мамыр күні Қазақстанда Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аталып өтеді.
М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы бұл күнді №2 Студенттер үйінде академияның студенттері ұйымдастырған мерекелік іс-шарамен атап өтті. Концертті 1 курс студенттері Бахытұлы Бексұлтан және Ермекқызы Жұлдыз жүргізді. Құттықтау сөз "Көлік техникасы және құрылыс" факультетінің деканы С.С. Абдуллаев пен "Тілдер" кафедрасының меңгерушісі Ж.Б. Жардамалиеваға берілді. Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл 150-ден астам ұлттар мен халықтар тұратын елде бейбіт өмір сүру үшін қажетті достық, түсіністік және келісім мерекесі.
      Кештің қонақтары Қазақ қыздар педагогикалық университетінің "Өнер және мәдениет" факультетінің студенттері Өсербаева Айдана мен Жетпісбаева Маржан патриоттық әндер шырқады. Мерекелік концертте халықтар достығының символы – түрлі-түсті ленталармен безендірілген шаңырақты қазақ, орыс, украин, тәжік және басқа да халықтардың ұлттық киімін киген студенттері алып шықты. Концерт бағдарламасында патриоттық сипаттағы әндер мен өлеңдер орындалып, қазақ, испан, өзбек халықтарының билері көрермендерге ұсынылды.
       Іс-шара №3 студенттер үйінде жалғасын тапты. Іс-шара Карес Бекнұр мен Исенгельдиева Ақмаралдың "Қазақстан халқы ассамблеясы. Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыртудың негізі" атты баяндамасымен ашылды.
       Сонымен қатар Қасенов Қасымхан "Ел бірлігі" өлеңін нақышына келтіре оқып берді, 1 курс студенттері хормен ән айтып, ТТ-15-2 тобының студенті Темірханова Нұр "өзбек биін" орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
         Іс-шараны аяқтау үшін сөз "Көліктік техника және құрылыс" факультетінің деканы С.С. Абдуллаевқа берілді. Өз кезегінде декан 1 мамыр күні Қазақстанның барлық аумағында мерекелік іс-шаралар өтетінін, әрбір қалада шығармашылық ұжымдардың, филармония әртістері және эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды театрландырылған қойылымдар өтетінін атап кетті. Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған шаралар еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқанын, алаңдарда үлкен шатыр тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтары осы жерге келіп әр ұлттың салт-дәстүрімен және тарихымен таныса алатынын айтып өтті.
         Бұл мереке әр қазақстандық үшін ерекше, себебі бірлік баршамыз үшін қымбат, осы мейрамды сіздермен бірге атап өткеніме қуаныштымын деді декан сөзінің соңында.